Барлауға рұқсат!

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес кәсіпорны – «Үлбі металлургия зауыты» АҚ Абай облысындағы Қаражал кен орнында қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензия алғанын хабарлайды. Бұл жобаны іске асыру атом холдингіне қолданыстағы өндірісті өзінің минералдық-шикізат базасымен қамтамасыз етуге, экономикалық тиімділікті арттыруға, қатысу өңірлерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сирек металдардың (тантал, ниобий, бериллий) қорларын бағалау және растау үшін геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. «Сирек және жер сирек кездесетін металдары, сондай-ақ олардың қосылыстары авиация мен ғарыштық техникадан бастап медицина мен электроникаға дейінгі экономикалық секторлардың кең ауқымында маңызды рөл атқарады. Бұл металдар қазіргі әлемді айқындайтын сындарлы маңызды материал болып табылады. Біз Қазатомөнеркәсіп осы бағытта өзінің стратегиялық дамуын жалғастырып жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Жаңа кен орындарын ашу және игеру біздің әлемдік нарықтағы ұстанымымызды нығайтады және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. 2023 жылы ҮМЗ атынан компания Ақтөбе облысындағы Жоғарғы Ырғыз кен орнында қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензия алды», – деп түсіндірді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма Төрағасы Мейіржан Юсупов.

ҮМЗ-тантал, ниобий және бериллийді өңдеуден бастап жоғары сапалы дайын өнімдерді шығаруға дейінгі толық өндірістік циклі бар бірегей және әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Бүгінгі таңда зауыт бериллий өнімдерін өндіру бойынша әлемде 2-ші және тантал өнімдерін өндіру бойынша 4-ші орында.