«ҮМЗ» АҚ Ұжымдық шарты – үздік!

7 желтоқсанда Қазақстан астанасында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі жыл сайынғы республикалық «Парыз-2021» конкурсының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Үлбі металлургиялық зауыты «Үздік ұжымдық шарт» номинациясында ірі бизнес субъектілері арасында 2 орынды иеленді.

ЭКСПО конгресс-орталығында өткен іс-шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-министр Асқар Мамин, ҚР Парламентінің депутаттары, республиканың орталық мемлекеттік органдары мен кәсіпорындарының басшылары қатысты. ҮМЗ атынан салтанатты рәсімде көзбе-көз Самрат Даулбаев, Басқарма Төрағасының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары, онлайн режимде – Сергей Бежецкий, «ҮМЗ» АҚ Басқарма Төрағасы қатысты.

«Парыз» сыйлығы – еліміздің ең беделді марапаттарының бірі. Конкурс дәстүрлі төрт номинациядан тұрады: «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт» және «Экологияға қосқан үлесі үшін». Осы номинациялар шеңберінде «Ірі кәсіпкерлік субъектісі» және «Шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі» санаттарында бірінші, екінші және үшінші орын иегерлері анықталады.

Осы жылы конкурсқа қатысу үшін барлығы 440 ұйым өтінім берген, олардың ішінде 169 – ірі кәсіпкерлік, 271 – шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері.

Байқау қорытындылары бойынша республикалық комиссия 28 жеңімпазды анықтады, оның ішінде Үлбі металлургиялық зауыты да бар.

– 2019-2022 жылдарға «ҮМЗ» АҚ Ұжымдық шарты республикалық деңгейде ең үздік шарттардың бірі болып танылды – деп атап өтті Басқарма Төрағасы Сергей Бежецкий. – Зауыт – ең алдымен, өз еңбек ұжымымен бірге әлеуметтік серіктестік үлгісі. Бұл жеңістің артында жұмыс беруші мен жұмыскерлердің орасан зор еңбегі тұр. Заманауи жағдайларда ұжымдық шарт – персоналдың мүдделер теңгерімі, денсаулығын және қауіпсіздігін сақтауға, жұмыскерлердің құқығын қорғауға негізделген, әлеуметтік кепілдемелер мен зауыттықтарға қамқор көрсетуге бағытталған кәсіпорын конституциясы.

Зауыт әкімшілігі өзіне ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес зауыт жұмыскерлері мен зейнеткерлеріне көрсетілетін қосымша міндеттемелерді (ҚР Еңбек кодексімен белгіленген құқықтар, кепілдемелер мен жеңілдіктерге қоса) қабылдады. Осылайша кәсіпорын бала күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыстағы әйелдерге әлеуметтік қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, бала бір жасқа толғанда 20 АЕК мөлшерде және бала 1,5 жасқа толғанда 12 АЕК мөлшерде бір жолғы төлем жүргізіледі. Зауыт 18 жасқа дейін мүгедек баласы бар жұмыскерлерге де (сонымен қатар қамқоршыларға) қолдау көрсетеді. Жылына бір рет өтеусіз ата-аналар мен қамқоршыларға мүмкіндігі шектеулі балаларын қарап-тексеруге, емделуге және сауықтыруға 200 000 теңге мөлшерде ақшалай қаражат бөлінеді. Сонымен қатар оларға 10 күнтізбелік күн қосымша ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі, жылына бір рет ШҚО демалыс базаларына жолдама құны ішінара өтеледі.

Қызметкерлердің белгілі бір санаты үй алуға, ипотекалық несие бойынша қарызды жабуға, жөндеу жұмыстарына 7 000 000 теңгеге дейін пайызсыз қарыз алуына болады. Персоналға медициналық қызмет көрсету жоғары деңгейде ұйымдастырылған. «ҮМЗ» АҚ бұрынғы жұмыскерлеріне ШҚО шипажайлары мен емдеу-сауықтыру орталықтарында сауығуға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Жұмыскерлердің сіңірген еңбегіне қарай көтермелеудің икемді жүйесі бар.

Сонымен қатар ұжымдық шартпен жұмыскерлердің балаларына «Ульбиночка» МҰ» ЖШС балабақшаға баруға жеңілдік, қызметкерлердің ШҚО демалыс базаларында/үйлерде демалуына өтемақы, зауыттықтарға зейнетке шығу кезінде жәрдемақы төлеу, қайтыс болған жұмыскердің/бұрынғы жұмыскердің туыстарына жерлеуге әлеуметтік қолдау, Жеңіс күніне және Қарттар күніне тыл еңбеккерлеріне, ҰОС қатысушыларына және оларға теңестірілген санаттарға төлемдер және басқа көптеген шаралар көзделген.

Үлбі металлургиялық зауытта 2021 жылы персоналды әлеуметтік қолдауға барлығы 380 млн теңге жоспарланған. «ҮМЗ» АҚ ұжымдық шартқа сәйкес нақты істермен барлық жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғайды, ұжым алдындағы өз міндеттемелерін толық орындайды.

Разия Сертаева