«ҮМЗ» АҚ ядролық және термоядролық энергетикаға арналған жаңа материал ұсынды

Хорватияда өткен термоядролық синтез технологиясы бойынша SOFT 2020 31-інші халықаралық симпозиумында KIT (Карлсруэ технологиялық институты, ГФР) ғалымдарының әзірлемесі екінші орынға ие болды. Әзірлеме идеясы – термоядролық реакторларда титан бериллидін пайдалану. Әзірлеменің пракатикалық бөлігі ҮМЗ-де жасалған және сыналған титан бериллидінен жасалған үлгілерді зерттеуге негізделген.

ҮМЗ-нің Карлсруэ қаласынан ғалымдармен бірлескен жұмысы титан бериллидін алудың өнеркәсіптік процесін әзірлеуге әкелді. Қазіргі сәтте «ҮМЗ» АҚ өнертабысына патент алу процесі жүруде.

Келешектегі термоядролық реакторларда пайдаланудан басқа, жаңа конструкциялық материал бөлу реакторларының шағылдырғыштарында, зымырандық және ғарыштық техникада қолданылуы мүмкін.

ҮМЗ-де жасалған титан бериллиді бірқатар бірегей қасиеттерге ие. Ол бериллиймен салыстырғанда, жоғарырақ жұмыс температураларына шыдайды, және де жемірілуге жақсырақ беріктікпен ерекшеленеді. Материалдағы уранның құрамы да өте төмен, Materion Brush (АҚШ) өндіретін бериллийдегіден 500 есе аз болып келеді. Алынған бериллидтің тығыздылығы да аса жоғары – теориялықпен салыстырғанда 98%, және түйіршіктерінің өлшемі де 8 микронды ғана құрайды.

ҮМЗ жұмыскерлері титан бериллидін алудың технологиялық тәсілін әзірледі. Алынған бұйым реактор жұмысы жағдайларын елестететін режимдегі сынаулардан сәтті өтті. Ол үшін титан бериллидінен жасалған блоктың макеті 900 оС дейін қыздырылған индукциялық пеште термоциклдеудің 50 циклінен өтті.

Жақын болашақта материалдың қасиеттерін арнайы зерттеу құрал-жабдығы бар Еуропа, АҚШ, Жапония мен Оңтүстік Кореяның мүдделі зертханаларымен зерделеу жоспарланып отыр.

• «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ – атом энергетикасы, электроника, металлургия өнеркәсібі және басқа да қызмет салаларының қажеттіліктері үшін әлемдегі уран, бериллий, тантал және ниобий өнімдерін ең танымал өндірушілерінің бірі болып табылады. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының құрамына кіреді.

• «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ табиғи уран өндірісінің әлемдік көшбасшысы және уран, сирек металдар мен атом электр станцияларына арналған ядролық отынды импорттау және экспорттау бойынша Қазақстан Республикасындағы ұлттық оператор болып табылады. Ұлттық атом компаниясының активтері құрамына геологиялық барлау, уран өндіру, ядролық отын циклі өнімін өндіруден бастап ғылымға, әлеуметтік қамсыздандыру мен кадрларды даярлауға дейінгі дайын өнімнің өндіріс тізбегіне қатысатын кәсіпорындардың барлық кешендері кіреді.