ЖАҢА ЖЕЛІ

 Кәсіпорында «ҮМЗ» АҚ таблеткалар өндірісін жаңғырту бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті.

 Өскемен қаласы кәсіпкерлік бөлімі, «ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ өкілдері, Өскемен қаласының жұртшылығы, ҮМЗ жұмыскерлері қатысқан тыңдауларда уран оксиді ұнтақтарын ұсату және ықшамдау желісін сатып алу, уран өндірісінде орнату және пайдалануға беру жобасы қарастырылды.    

Қазақстан және Қытай арасындағы Қазақстан аумағында Қытай атом электр станцияларына арналған ядролық отын – жылу бөлгіш құрастырмалар өндіретін бірлескен кәсіпорынды құру туралы келісімге сәйкес, «ҮМЗ» АҚ-ның шетел отын нарығына шығуы үшін таблеткалар өндірісін жаңғырту қажет. Уран оксиді ұнтақтарын ұсату және ықшамдаудың дайын желісін сатып алу және пайдалануға беру таблеткалар өндірісін жаңғырту кезеңдерінің бірі болып табылады.

Уран өндірісі «Р» цехының бастығы Сергей Гузеев өз сөзінде қазіргі уақытта цехта қажетті технологиялық ерекшеліктерге ие пресс-ұнтақтарды алу үшін уран оксиді ұнтағын механикалық өңдеу және түйіршіктеу жүргізілетінін айтып кетті. Дірілдеткіш түйіршіктеуден кейін ұнтақтың қажетті аққыштыққа ие болмайтындығы, ал алынған түйіршіктерді баспақтау кезінде шикі таблеткалардың механикалық беріктігі төмен болып қалатындығы қолда бар сұлбаның кемшілігі болып табылады.     

Уран оксиді ұнтақтарын ұсату және ықшамдаудың дайын желісін пайдалануға беру отын таблеткаларын шығару бойынша өндірістік қуаттылықтарды қажетті көлемдерге дейін арттыруға, сонымен қатар алынатын пресс-ұнтақтың технологиялық сипаттағы мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.  

Уран оксиді ұнтақтарын ұсату және ықшамдаудың желісінің елеулі артықшылығы – оның бірыңғай өндірістік желі түрінде болуы, онда өңделетін материалдың жекелеген аппараттар арасында берілу мәселелері шешілген, бүкіл үдеріс автоматтандырылған және өнеркәсіптік логикалық бақылағыш арқылы басқарылады.  

ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес, жұмыс жобасын жүзеге асырудан ықтимал әсерлердің толық және кешенді талдауын ҮЖКИ инженер-жобалаушысы Елена Старухина айтып берді. Ол нысан пайдалануға берілгеннен кейін атмосфералық ауаға, су және жер ресурстарына, топырақ жабындысына, жануарлар мен өсімдіктер әлеміне, адамның денсаулығына зиянды және қауіпті әсер етпейтінін хабарлады. Учаске құрылысы және нысанды пайдалану кезінде радиациялық қауіпсіздік жөніндегі санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен нұсқаулықтар қадағаланса, жұмыскерлер мен тұрғылықты халықтың денсаулығына әсер ету рауалы деп бағаланады.   

Баяндамаларды талқылағаннан кейін, қоғамдық тыңдауларға қатысушылар жобаны бірауыздан қолдады.

 ҮМЗ баспасөз қызметі